Жұмыссыз қалғандарға қанша төлем беріледі
Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары мен әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі түсіндірілді, деп хабарлайды ZontNews.kz. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жұмыссыз қалған азаматтарға жұмыс іздеуге көмектесу, кәсіптік оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру және тиісті талаптарға сай келген жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау қарастырылған.
Мемлекеттік қолдау алу үшін азамат алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек. Мұны тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, электронды үкімет немесе Enbek.kz порталы арқылы жасауға болады.
Тіркеуден кейін мансап орталығы азаматтың мамандығын, еңбек тәжірибесін, біліктілігін, қалаған жалақы мөлшерін және өзге де талаптарын ескере отырып, бос жұмыс орындарын ұсынады.
Лайықты жұмыс табылмаған жағдайда азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, қосымша қолдау шараларына қатыса алады. Оған жаңа мамандық игеруге арналған кәсіптік оқыту, субсидияланатын жұмыс орнына орналасу және жұмыс күші қажет өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару кіреді.
Жұмыссыз ретінде тіркелген азамат ұсынылған бос орындарды қарастырып, жұмыс іздеу процесіне белсенді қатысуға тиіс. Үш лайықты жұмыс ұсынысынан дәлелді себепсіз бас тартса, оның жұмыссыз мәртебесі тоқтатылады.
Егер азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып, ол үшін әлеуметтік аударымдар жасалған болса, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға құқылы.
2026 жылғы 1 қазаннан басталатын пилоттық жоба аясында бұл төлем ең көбі үш айға тағайындалады. Бұған дейін төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты бір айдан алты айға дейін беріліп келген.
«Төлем мөлшері азаматтың орташа айлық табысы мен жүйеге қатысу ұзақтығына байланысты. Ол жеті ең төменгі жалақы мөлшері шегіндегі орташа айлық кірістің 45 пайызын құрайды. 595 мың теңге көлеміндегі табыс есепке алынған жағдайда ең жоғары төлем 267 750 теңге болады. Жұмыссыз мәртебесі тоқтатылса, әлеуметтік төлем де тоқтатылады», – деп түсіндірді министрлік.
Азамат жаңа жұмысқа орналасқаннан кейін де мансап орталығы оның жұмыспен қамтылу жағдайын бақылауды жалғастырады.
Жұмысқа орналасу процесі жұмыс іздеуші ретінде тіркелу, бос орындарды таңдау, қажет болған жағдайда қосымша қолдау алу және жаңа жұмысқа орналасу кезеңдерінен тұрады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз