Зейнеткерді немересінің көзінше ұрып өлтірген
Шымкентте 65 жастағы ер адам көршісінің соққысынан қаза тапты. Қайғылы оқиға марқұмның бес жастағы немересінің көз алдында болған. Оқиғаның видеосы бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Туыстарының айтуынша, ер адам бірнеше рет соққы алғаннан кейін арыққа құлап, басынан ауыр жарақат алған. Ол оқиға орнында көз жұмған.
Марқұмның жақындары екі отбасының шамамен 20 жылдан бері көрші тұрғанын айтады. Олардың сөзінше, жанжалға көршілердің балалары арасындағы бұрынғы кикілжің себеп болуы мүмкін.
Туыстары күдіктінің әрекетін оның ата-анасы да көргенін, алайда оны тоқтатуға немесе жедел жәрдем шақыруға көмектеспегенін айтып отыр. Қаралы отбасы оқиғаға куә болған адамдардың да жауапқа тартылғанын қалайды.
Марқұм жеті баланың әкесі болған. Ол үш жыл бұрын жұбайынан айырылған.
Шымкент қаласының полициясы қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады. Ведомство мәліметінше, ер адам көрші үйдің шатырынан табылған.
Полиция бұл істі денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу фактісі бойынша тергеп жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Жанжалдың нақты неден басталғаны әзірге белгісіз. Тергеу нәтижесінде істің барлық мән-жайы анықталады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз