«Шабыттағы» шу: студенттер, декан және Меруерт Өтекешова
Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті қабырғасында туындаған жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Даудың ортасында – Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова, театр факультетінің деканы Ернияз Бірімқұлов және студенттер, деп хабарлайды ZontNews.kz. Информбюро сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде тараған видеода бір топ студент деканның ықпалымен ұстаздарының үстінен түрлі қызметтік хаттар жазылғанын айтып, емтихан кезінде өздеріне психологиялық қысым көрсетілгенін мәлімдеді. Олар бұл жағдайдың оқу процесі мен ұстазбен қарым-қатынасына кері әсер еткенін жеткізді.
Өз кезегінде профессор, актриса Лейло Бекназар-Ханинга айтылған айыптаулармен келіспейтінін білдірді. Оның сөзінше, театр саласында кәсіби сын – қалыпты тәжірибе және қазіргі жағдай шамадан тыс әсіреленіп отыр.
Ал халық әртісі Меруерт Өтекешова деканмен жұмыс барысында түсініспеушіліктер болғанын жасырмай, көптеген мәселелер өзімен келісілмегенін айтты. Оның пікірінше, студенттермен жұмыс жүргізуде өзара түсіністік пен кәсіби қарым-қатынас жетіспеген.
Декан Ернияз Бірімқұлов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, студенттерге қандай да бір бағыт-бағдар бермегенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол студенттің оқудан шығарылатыны туралы ақпараттың әлі нақты шешілмегенін атап өтті.
Әзірге оқу орнының басшылығы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Дауға байланысты түрлі пікірлер айтылып жатқанымен, мәселенің нақты мән-жайы кейінгі тексерулер мен ресми шешімдерден кейін белгілі болуы мүмкін.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз