Пойыз терезесін сындырғандардың көбі – жасөспірімдер
Қазақстанда биыл пойыз терезелерін зақымдауға қатысты 44 дерек тіркелді, деп хабарлайды ZontNews.kz. Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мұндай оқиғалар көбіне Алматы, Шымкент, Қарағанды және Шу станцияларына қарасты учаскелерде болған. Полиция мәліметінше, анықталған жағдайлардың басым бөлігінде құқық бұзушылар кәмелетке толмағандар болып шыққан.
Соңғы оқиғалардың бірі Талас – Тараз теміржол аралығында тіркелді. Белгісіз адам электровозға тас лақтырып, бүйірлік әйнегін сындырған. Тараз станциясындағы көлік полициясы күдіктіні анықтады. Ол қаланың 19 жастағы тұрғыны болып шықты. Жас жігіт бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін жауапқа тартылды.
Көліктегі полиция департаменті қозғалып келе жатқан пойыздарға тас немесе басқа заттарды лақтыру машинистер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіретінін ескертті. Мұндай әрекет ауыр зардаптарға және заңда көзделген жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз