Өзбекстанда ата-анасы 14 жастағы баласын сатпақ болған
Өзбекстанның Қашқадария облысында 14 жастағы баланы анасы мен өгей әкесі 45 мың долларға сатпақ болған. Сот отырысында жасөспірім ата-анасына шағымы жоқ екенін айтып, оларға жеңілдік жасауды сұраған. Бұл туралы ZontNews.kz. Daryo басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, әйел 2011 жылы туған ұлын бұрынғы некесінен тәрбиелеп келген. 2019 жылы қайта тұрмысқа шыққан, кейін отбасында тағы бір бала дүниеге келген.
Сотта ерлі-зайыптылар қаржылық қиындықтарға тап болып, қарызға батқанын айтқан. Олардың сөзінше, осы жағдай үлкен ұлын ақшаға беруге шешім қабылдауына себеп болған.
Ата-анасы таныстары арқылы баланы сатып алуға келіскен адамды тапқан. 2025 жылдың жазында олар 14 жастағы ұлымен бірге сатып алушымен кездескен. Тараптар баланың құнын 45 мың долларға бағалаған.
Келісім бойынша ата-анасы бастапқыда 30 мың доллар алуы керек болған. Қалған 15 мың долларды сатып алушы 15 күннен кейін беруге уәде еткен.
Алайда мәміле аяқталмай жатып, ішкі істер органдарының қызметкерлері бөлмеге кірген. Жасөспірімнің анасы мен өгей әкесі алдын ала арнайы химиялық затпен өңделген ақшамен ұсталған.
Сот барысында өгей әкесі кінәсін мойындап, баланы сату туралы ұсынысты алғашында әйелі жасағанын айтқан. Баланың анасы да бұл сөзді растаған. Екеуі де әрекетін қаржылық қиындықтарымен түсіндірген.
Сотта 14 жастағы жасөспірім ата-анасының оны басқа отбасына бермек болғанын алдын ала білгенін айтты. Оның сөзінше, ата-анасының мұндай шешімге қаржылық жағдайына байланысты барғанын түсінген және бұл шешімге қарсылық білдірмеген.
Жасөспірім анасы мен өгей әкесіне ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, соттан оларға жеңілдік жасауды сұраған.
Сот баланың өтінішіне қарамастан, ерлі-зайыптыларды адам саудасына қатысты кінәлі деп таныды. Анасы мен өгей әкесінің әрқайсысы үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз