Дүйсенбі, 21 Қыркүйек 2026 г.

$ 446.85
513.27
5.31
  • Алматы
    24°C
    • Астана
      21°C
Ру

Мектеп басшыларын тағайындау тәртібі жаңарды

Фото көзі: : vladtime.ru
ZontNews.kz
Қыр. 3, 2026, 3:35 Т.Қ.

Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтерін қызметке тағайындау және жұмыстан босату қағидалары өзгерді. Тиісті түзетулер Оқу-ағарту министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен бұйрығында көрсетілген, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Жаңа талапқа сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымы басшысының орны бос немесе уақытша бос болған жағдайда аудандық немесе қалалық білім бөлімі бес жұмыс күні ішінде облыстық білім басқармасына конкурс өткізу туралы өтініш жолдауы керек.

Конкурс аяқталғанға дейін білім беру ұйымын басқару міндеті директордың орынбасарына немесе педагогке жүктеледі. Ол бұл міндетті алты айдан артық атқара алмайды. Егер конкурс нәтижесіз аяқталса, басшы міндетін уақытша атқару мерзімін тағы алты айға бір рет ұзартуға рұқсат етіледі.

Орта білім беру ұйымдарына педагогтерді қабылдау конкурсы «Педагогті жұмысқа қабылдау» модулі арқылы электронды форматта өткізіледі.

Ал мектепке дейінгі, қосымша және арнаулы білім беру ұйымдарына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мекемелеріне, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға педагогтерді тағайындау конкурсы қағаз түрінде жүргізіледі.

Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысы немесе жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітірген жас мамандарға жеңілдік қарастырылған. Соңғы екі жылда оқуын аяқтаған және педагогикалық еңбек өтілі жоқ түлектердің GPA көрсеткіші 3,33 балдан төмен болмаса, олар конкурссыз жұмысқа қабылдана алады.

Бұл үшін үміткер сертификаттаудан өткені туралы құжат пен білім беру грантының тағайындалғанын растайтын куәлікті ұсынуы қажет.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз