Әлемде құтырудан жыл сайын ондаған мың адам қайтыс болады
Құтыру ауруы әлі күнге дейін әлемдік деңгейдегі аса қауіпті инфекциялардың бірі болып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, бұл дерт орталық жүйке жүйесін зақымдап, дер кезінде ем қабылданбаса, өліммен аяқталады. Құтыру 150-ден астам елде тіркеледі, жыл сайын шамамен 55 мыңнан астам адам осы аурудан көз жұмады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қазақстанда да жануарлармен байланысты қауіп жағдайлары азаймай отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы құтырудың 3 өлім жағдайы тіркелген (2024 жылы мұндай жағдай болмаған). Жануар тістеу, тырнау немесе сілекей тигізу оқиғалары бойынша 60 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінген.
Мамандардың айтуынша, құтырудың алдын алуда уақыт факторы шешуші рөл атқарады. Жарақат алған жағдайда бірден емдеу мекемесіне жүгіну, жараны сабынды сумен мұқият жуу және вакцинация курсынан өту – өмірді сақтап қалудың негізгі жолы.
Дәрігерлер жабайы жануарлармен байланысқа түспеуді, үй жануарларын міндетті түрде вакцинациялауды және күмәнді жағдайларда ветеринарға жүгінуді ескертеді. Сонымен қатар, тағайындалған емді толық аяқтау аса маңызды, себебі құтыруға қарсы арнайы ем жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз