Қазақстанда 2,7 млн гектар жер тозған
Қазақстанда жердің тозу қаупі әлі де өзекті болып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ведомствоның алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Министрдің айтуынша, елімізде ауыл шаруашылығы айналымында 117,7 млн гектар жер бар. Оның 26,5 млн гектары егістік, 83,9 млн гектары жайылым, 2,4 млн гектары шабындық болса, қалғаны өзге санаттағы жерлерге жатады. Алайда табиғи және адам әрекетінен туындайтын факторлар жер сапасына кері әсерін тигізіп отыр.
Жердің тозуын бақылау аясында мамандар 53,5 млн гектар аумақтың карталарын жаңартқан. Нәтижесінде зерттелген жерлердің шамамен 2,7 млн гектары немесе 5 пайызы тозғаны анықталды. Министрлік барлық 182 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабын мониторингтен өткізу жұмыстарын 2029 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15 млн гектар жер қайтарылып, оның 11,3 млн гектары қайта пайдалануға берілген. Бұл шаралардың нәтижесінде елдегі жайылым тапшылығы 3,5 млн гектарға дейін қысқарған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз