ІІМ: 2 мыңнан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Жыл басынан бері қылмыстық істерді тергеу қорытындысы бойынша екі мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 45 мыңға жуық ұсыну жолданып, олардың негізінде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту шаралары қабылданды. Атап айтқанда, қосымша екі мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылып, жол-көлік оқиғалары жиі болатын 155 учаскеде инфрақұрылым жақсартылды.
Сондай-ақ 500-ден астам адам ұсынуларды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз қызмет көрсеткен төрт нысанның жұмысы тоқтатылып, 15 кафе мен түнгі клубтың жұмыс уақыты шектелді.
ІІМ мәліметінше, аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал көлемі 72 млрд теңгеден асып, оның 34 млрд теңгеден астамы өтелген. Залалды өтеуді қамтамасыз ету үшін жалпы құны 29 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.
Сонымен қатар Жәбірленушілерге өтемақы қоры арқылы бес мыңнан астам адамға 831 млн теңгеден астам өтемақы төленген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз