Ермұхамет Ертісбаев саясаттан кететінін мәлімдеді
Құрылтай депутаттарын сайлау аяқталғаннан кейін Қазақстан Халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев белсенді саясаттан кету туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Бұл туралы саясаткер Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ертісбаевтың айтуынша, Құрылтай сайлауында Қазақстан Халық партиясы ресми есеп бойынша үш пайыздан астам дауыс жинаған. Алайда ол сайлаушылардың қатысу деңгейі, дауыс беруді ұйымдастыру және сайлау процесінің қорытындысы жөнінде пікір білдірмейтінін атап өтті.
Саясаткер екі айға жуық уақыттан бері партия төрағасы қызметін атқармайтынын еске салды. Қазір ҚХП-ның жаңа басшысы мен алға қойған жаңа міндеттері бар.
«Мен белсенді саясаттан кетемін. Саяси өмірбаянымның осы кезеңі аяқталды деп санаймын. Бізге дауыс берген, сайлау науқанына қатысқан, үгіт жүргізген, пікірталастарда бағдарламамызды қорғаған және бізге сенім білдірген азаматтардың барлығына алғыс айтамын. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Енді мүмкіндігі бар адамдар одан да жақсы нәтижеге қол жеткізсін», – деді Ермұхамет Ертісбаев.
Ол алдағы уақытта халықаралық саясатты талдауға, тарих пен саясаттануға, сондай-ақ ағартушылық бағыттағы жұмыстарға ден қоймақ. Оның сөзінше, АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қарым-қатынас, Еуропадағы жағдай, Орталық Азияның келешегі және өзгеріп жатқан әлемдегі Қазақстанның орны басты назарда болады.
Сонымен бірге Ертісбаев тарихи тақырыптарға арналған ауқымды жобаны бастауды жоспарлап отыр. Онда осыдан 10, 50 немесе 100 жыл бұрын қабылданған шешімдердің бүгінгі қоғамдық-саяси өмірге қалай әсер еткені талданбақ.
Үндеуінің соңында саясаткер Қазақстан Халық партиясына табыс пен төзімділік тіледі. Ол өзінің саяси кезеңін ешкімге өкпе артпай, өткенге байланып қалмай аяқтағанын айтып, ендігі міндет қорытынды жасап, алға жылжу екенін жеткізді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз