Дубайда қалған туристерді алдағандар көбейді
Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан Дубай қаласында уақытша қалып қойған туристерге әлеуметтік желілерде күмәнді ұсыныстар жиілеген. Белгісіз тұлғалар көлікпен Маскат қаласына жеткізіп салуды ұсынып, алдын ала 900–1000 доллар көлемінде төлем сұрайды. Алайда ақша аударылғаннан кейін байланысқа шықпай, ізін суытады, деп хабарлайды ZontNews.kz
РИА Новости агенттігінің мәліметінше, алаяқтар орыс тілді чаттарға қосылып, өздерін Оман бағытына жол жүріп бара жатқан жолаушы ретінде таныстырады. «Жолай ала кетемін» деген мазмұндағы хабарламалар қалдырып, қызығушылық танытқандарды жеке хат алмасуға шақырады. Кейін «орын аз қалды» немесе «сұраныс көп» деген сылтаумен алдын ала төлем талап етеді.
Куәгерлердің айтуынша, мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған. Әдетте БАӘ–Оман шекарасына дейін 900 доллар, ал Маскатқа дейін 1000 доллар сұралады. Дәл осы қаладан эвакуациялық рейстер ұйымдастырылып жатқаны белгілі.
Баға тым жоғары болып көрінбегендіктен, кейбір азаматтар келісім береді. Алайда күмәнді аккаунттардың көпшілігі жуырда ғана ашылғаны және Әмірліктерге еш қатысы жоқ екені анықталған.
Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы нысандарға, оның ішінде Тегеран қаласына соққы жасағаны хабарланған еді. Қақтығысқа байланысты аймақтағы әуе қатынасы мен қозғалыс шектеліп, бірқатар туристер шетелде қалып қойған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз