«Батырларға тағзым» порталында 705 мыңнан астам майдангер туралы дерек жинақталды
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі «Батырларға тағзым» онлайн-порталын толықтыру жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жоба өткен жылы басталған және Ұлы Жеңіске үлес қосқан қазақстандықтардың ерлігі туралы мәліметтерді жинақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді.
Қазіргі уақытта портал базасында 705 488 майдангер туралы дерек бар. Олардың ішінде 365 Кеңес Одағының Батыры, 4 екі мәрте Кеңес Одағының Батыры және 19 «Даңқ» орденінің кавалері туралы ақпарат қамтылған.
Деректер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивтерінен алынған материалдар негізінде енгізілуде.
Порталда пайдаланушыларға іздеу жүйесі ұсынылған: майдангерлерді тегі, аты-жөні, туған күні мен жері, әскерге шақырылу уақыты сияқты мәліметтер бойынша табуға болады.
Сонымен қатар, азаматтар өз туыстары туралы ақпаратты толықтырып, фотосуреттер мен құжаттарды, сондай-ақ соғыс жылдарынан қалған естеліктерді жүктей алады. Осылайша әрбір қолданушы тарихи мұраны сақтауға өз үлесін қоса алады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз