Бас прокуратура әлеуметтік желідегі жазбаларға қатысты ескерту жасады
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін арандатушылық жарияланымдар мен пікірлердің көбеюіне байланысты азаматтарға ескерту жасады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қадағалаушы органның мәліметінше, мұндай әрекеттер үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес, алауыздықты қоздырғаны үшін ірі көлемде айыппұл салынып, тіпті 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Сондай-ақ заңға қайшы контентті интернет-платформаларда жариялауға және таратуға тыйым салынған. Егер жарияланған материалда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл көзделген.
Прокуратура жалған ақпарат таратқаны үшін де жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Мұндай жағдайда құқық бұзушының әрекетіне қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Сонымен бірге заңсыз материалды әдейі таратқан адамдар да жауапқа тартылады.
Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды әлеуметтік желілерде ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге, арандатушылыққа ермеуге және қоғамдағы тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін жазбалар мен пікірлерді жарияламауға шақырды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз