Ажырасу істері бойынша төлем өзгереді
Қазақстанда ажырасқаннан кейін балалармен қарым-қатынасты орнатуға байланысты істер бойынша жеке сот орындаушыларының (ЖСО) еңбекақысын төлеу тәртібі қайта қаралатын болады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Конституциялық сотқа азаматтың шағымы негіз болған. Ол қолданыстағы ережелердің Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұраған. Қазіргі тәртіп бойынша ЖСО қызметінің төлемі талап қоюшы мен борышкер арасында тең бөлінеді, ал сот шешімі орындалмаған жағдайда барлық шығын борышкерге жүктеледі.
Шағымданушының пікірінше, мұндай талап оның ата-ана ретіндегі құқығын шектеп, бөлек тұратын баласымен қарым-қатынас орнатуға қаржылық кедергі келтіреді.
Конституциялық сот ажырасу немесе бөлек тұру баланың екі ата-анасымен де қарым-қатынас жасау құқығын шектемеуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ әрбір ата-ана баланың тәрбиесі мен дамуына тікелей қатысуға міндетті екені көрсетілді.
Сот шешімін мәжбүрлі орындау тетігі баланың отбасылық байланыстарын сақтауға мүмкіндік беріп, оны ата-ананың материалдық жағдайына тәуелді етпеуі тиіс екені айтылды.
Конституциялық сот қолданыстағы нормаларды Конституцияға сәйкес келмейді деп танып, Үкіметке оларды қайта қарауды ұсынды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз