Қазақстанның төрт өңірінде азаматтарға казиноға кіруге тыйым салынды
Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ойын бизнесіне қатысты қағидаларға өзгерістер енгізіп, бірқатар өңірлерде қазақстандық азаматтардың құмар ойын ойнауына шектеу қойды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жаңа нормаға сәйкес, енді кей аймақтардағы казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға тек шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар ғана кіре алады. Бұл талап ойын мекемелерінде қызметтік міндетін атқарып жүрген қызметкерлерге қолданылмайды.
Шектеу енгізілген өңірлер қатарында Маңғыстау облысы – Каспий теңізі жағалауы, Жетісу облысы – Панфилов ауданы мен Алакөл жағалауы, Алматы облысы – Талғар ауданы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы – Марқакөл маңы мен Зайсан ауданы бар.
Аталған бұйрық 17 мамырдан бастап күшіне енеді. Министрлік бұл өзгерістер «Ойын бизнесі туралы» заң талаптарына сәйкестендіру мақсатында қабылданғанын атап өтті.
Бұған дейін елде тек шетелдіктерге арналған жаңа ойын аймақтары ашылатыны туралы ақпарат тараған болатын.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз