Қазақстандықтардың табысы мен шығысы сәйкестендіріледі
Қазақстан үкіметі келесі жылдан бастап азаматтардың табысы мен нақты шығыстарын салыстыру тетігін іске қосады. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, мемлекеттік органдардың интеграцияланған деректер базасы азаматтардың қаржылық белсенділігін жіті бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жаңа жүйе азаматтардың шетелге ұшу жиілігі, оған жұмсалған қаражат көлемі, иелігіндегі мүліктер және тіпті құмар ойындардағы бәс тігу (ставки) белсенділігі туралы мәліметтерді біріктіреді. Бұл шаралар салықтық тәртіпті нығайтуға және жасырын кірістерді әшкерелеуге бағытталған.
«Егер мемлекеттік қызметші немесе оның жұбайы айына 1 миллион теңге табыс тауып, бірақ шетелден 5-7 миллион теңгенің тауарын әкелсе, бұл қаржылық тексеруге негіз болады. Мұндай бақылау механизмі келесі жылдан бастап шенеуніктерге де, қарапайым азаматтарға да қатысты қолданылады» – деп мәлімдеді Ержан Біржанов.
Вице-министрдің түсіндіруінше, үкімет бұл деректерге өткен жылдың соңында ғана қол жеткізген. Деректер базаларын өзара біріктіру және заңнамалық өзгерістер енгізу процесіне байланысты табыс пен шығысты жаппай сәйкестендіру жұмыстары 2027 жылы толық күшіне енбек. Бұл кезеңге дейін валюталық бақылау, маркетплейстер мен мобильді аударымдар бойынша дайындық жұмыстары жүргізілген.
«Бізде деректер базасы бір жерде жинақталмаған. Мәліметтерді басқа мемлекеттік органнан алу үшін заңнамалық өзгерістер, бірлескен бұйрықтар мен жүйелерді интеграциялау қажет болды. Біз негізсіз шара қолданбау үшін барлығын кезең-кезеңімен іске асырып жатырмыз» – деп түсіндірді вице-министр.
Министрлік өкілі егер декларацияланған кіріс пен нақты шығыс арасында елеулі алшақтық анықталса (мысалы, 50 миллион теңге табыс заңдастырылып, 100 миллион теңгеге мүлік сатып алынса), бұл іске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің араласуына негіз болатынын растады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз