Аягөздегі сарбаз өлімі: дәрігер сотталды, бірақ амнистиямен босатылды
Аягөз қаласындағы әскери госпитальда қайтыс болған сарбаз ісі бойынша дәрігерге қатысты сот үкімі шықты. Емхана бөлімінің басшысы Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда ол амнистияға ілініп, жазадан босатылды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Orda.kz. редакциясына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, мерзімді қызметтегі сарбаз Саламат Сәбитов 16 мамыр күні дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пен бас ауруына шағымданған. Ол әскери госпитальға жеткізілгенімен, дәрігер науқастың жағдайын дұрыс бағаламай, «жедел назофарингит» диагнозын қойған және қажетті тексерулер жүргізбеген.
Сот-медициналық сараптама сарбазда бактериялық менингит пен сепсис белгілері болғанын анықтаған. Науқасқа шұғыл медициналық көмек қажет болғанымен, уақытылы шаралар қабылданбаған.
Кейін оның жағдайы күрт нашарлап, сарбаз Аягөз аудандық ауруханасы жеткізілген. 18 мамырда жансақтау бөліміне ауыстырылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер ауыр бактериялық менингит, сепсис және ми ісінуі диагнозын қойған. 19 мамыр күні ол көз жұмды.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Ол науқастың жағдайын орташа деп бағалағанын және клиникалық хаттамаларға сай әрекет еткенін айтқан. Алайда Семей гарнизонының әскери соты дәрігердің әрекетсіздігі қайғылы жағдайға әкелді деген қорытындыға келді.
Сот үкіміне сәйкес, оған екі жылға бас бостандығынан айыру және сол мерзімге медициналық қызметпен айналысуға тыйым салу жазасы тағайындалды. Бірақ амнистияға байланысты негізгі жазадан босатылды.
Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың талабын қанағаттандырып, дәрігерді 12 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Айта кетейік, 18 жастағы Саламат Сәбитов Солтүстік Қазақстан облысы әскерге шақырылып, небәрі екі айдан кейін қайтыс болған. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз