Ақтөбеде сарбаз ауруханаға түсіп қалды
Ақтаудан Ақтөбеге әскери борышын өтеуге келген 18 жастағы сарбаз ауруханаға жатқызылды. Ата-анасының сөзінше, баласын әскери бөлімдегі сержанттар бірнеше рет соққыға жыққан. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ZontNews.kz. КТК арнасына сілтеме жасап.
Сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаеваның айтуынша, ұлы өздігінен кіші дәретке шыға алмай қалған. Баласының ауруханаға түскенін ата-анасы дәрігерлер хабарласқаннан кейін ғана білген. Олар Ақтаудан Ақтөбеге 15 сағат жол жүріп жеткен.
«Балам ауруханада жатыр. Дәрігерлер зәр шығара алмай жатқанын айтты. Қазір катетер қойылған. Өзі сержанттардың киім сақтайтын, бейнекамера орнатылмаған жерде жиі ұратынын айтты», – дейді сарбаздың анасы.
Оқиғадан кейін ата-анасы Еркебұлан Досымбетпен байланысқан. Жас сарбаз оларға әскери бөлімде әлімжеттік көргенін айтып берген. Ол денсаулығы нашарлап, кіші дәретке шыға алмай қалған соң дәрігерлерге жүгінген.
Ауруханаға жеткізілген сарбазды алдымен уролог тексерген. Талдаулардан инфекция анықталмағаннан кейін травматолог шақырылған. Оның жарақат алған-алмағаны толық медициналық тексеру нәтижесінде белгілі болады.
Еркебұлан Досымбеттің Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жүргеніне үш ай болған. Қазір бөлімде қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.
Әскери бөлім өкілдерінің мәліметінше, Батыс өңірлік қолбасшылығы мен әскери полиция басқармасының басшылары сарбаздың ата-анасымен кездескен.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз