Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен кездесті
«Ақ Жайық» порталы өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның балаларымен кездесуінен түсірілген видеоны жариялады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұған дейін Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген әйел жақында медициналық мекемеден шыққан. Қазір ол туыстарының үйінде тұрады және балаларымен кездесіп жүр.
Жарияланған видеодан анасын көрген балалардың көзіне жас алып, оған қарай жүгіріп барып құшақтағанын көруге болады.
Ақбаянға жақын туыстарының қаза тапқаны әзірге айтылмаған. Туыстары бұл хабар оның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін деп қауіптеніп, шындықты қабылдауға дайын болатын сәтті күтуді ұйғарған.
Ақбаян Мұқанғалиеваның 10, 8, 5 және 4 жастағы төрт баласы қазір Бейімдеу орталығында, ал бір жарым жастағы кенже ұлы мамандандырылған балалар үйінде. Орталық директоры Құндыз Ғиниятованың мәліметінше, әйел балаларымен екі рет кездескен.
Мамандар балалардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Олар эмоционалдық тұрғыдан тұрақты, ал үлкендері оқуын жалғастырып жатыр.
Әйелдің туыстары оның ем қабылдауды жалғастыратынын хабарлаған. Кейін мамандар Ақбаянның жағдайын қайта бағалап, балаларды анасына қайтару мүмкіндігін қарастырады.
Ақбаян Мұқанғалиева 10 наурызда Индонезиядан экстрадицияланғаннан кейін Атыраудағы мамандандырылған медициналық мекемеге жіберілген. Кейін ол Алматыдағы Сот сараптамасы институтында амбулаториялық кешенді психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтті. Тексеру 21 сәуірде аяқталғанымен, тергеу құпиясына байланысты оның нәтижесі жарияланбады.
29 мамырда прокуратура Мұқанғалиеваның динамикалық бақылау мен дифференциалды диагностикаға мұқтаж екенін мәлімдеген.
14 шілдеде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевті төрт адамды аса қатігездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Тергеу мәліметінше, ол марқұмдарға 60-қа жуық пышақ жарақатын салған. Сот Сәрсемалиевті өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Атырау облысының прокуратурасы Мұқанғалиеваға қатысты екі істің де қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын хабарлады. Екі немесе одан көп адамды өлтіруге қатысты іс 27 сәуірде, ал қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша қозғалған іс 24 маусымда жабылған. Қазіргі уақытта оған қатысты басқа қылмыстық іс жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз