Жер жылдам айнала бастады: ғалымдар уақытқа қатысты мәселені талқылауда
Соңғы жылдары Жердің айналу жылдамдығы артып, бұл әлемдік уақыт есебіне әсер етуі мүмкін. Ғалымдар алғаш рет теріс кібісе секундты енгізу қажеттілігі туындауы ықтимал екенін айтып отыр, деп хабарлайды ZontNews.kz.
The Times мәліметінше, Жердің өз осінен айналуындағы өзгерістер салдарынан атомдық уақыт пен күн уақыты арасындағы айырмашылық артып келеді. Бұған дейін уақытты үйлестіру үшін кібісе секунд қосылып келген. Алайда енді керісінше, бір секундты алып тастау мәселесі қарастырылуы мүмкін.
Ғалымдар теріс кібісе секундты енгізу байланыс, компьютерлік жүйелер және спутниктік навигация сияқты технологияларға қиындық тудыруы ықтимал деп алаңдайды.
Мәселені шешудің бір жолы ретінде атомдық уақыт пен күн уақытын бір-бірінен ажырату ұсынылды. Кейін олардың арасындағы айырмашылықты арнайы жоғары дәлдіктегі сағаттардың көмегімен қайта есептеуге болады.
Бұл мәселе қазан айында Версальда өтетін Халықаралық өлшемдер мен таразылар бюросының бас конференциясында талқылануы мүмкін. Ұсыныс мақұлданса, өзгерістер 2027 жылғы 20 мамырдан бастап күшіне енеді.
Сол кезден бастап кібісе секундтарды қолдану тоқтатылып, атомдық уақыт күн уақытынан біртіндеп алшақтай береді. Ғалымдардың болжамынша, айтарлықтай айырмашылық бірнеше жүз жылдан кейін ғана байқалуы мүмкін.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз