Венесуэлада 7,1 балдық жер сілкінісі тіркелді
Венесуэла жағалауында магнитудасы 7,1 болатын күшті жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Табиғи апат салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар екені хабарланғанымен, олардың нақты саны әзірге нақтыланбады. Бірқатар ғимараттар мен инфрақұрылым нысандары зақымданған.
NOAA/NWS цунамиден ескерту жөніндегі Тынық мұхит орталығының мәліметінше, жер сілкінісі Атлантика уақыты бойынша сағат 18:05-те болған. Жерасты дүмпуінің ошағы 10 шақырым тереңдікте орналасқан.
Мамандар жағалаудағы аудандарда теңіз деңгейінің ауытқуы мен күшті ағыстар болуы мүмкін екенін ескертіп, Пуэрто-Рико, АҚШ және Ұлыбританияның Виргин аралдары үшін цунами қаупі туралы хабарлама таратты.
АҚШ Ұлттық геологиялық қызметінің дерегіне сүйенген халықаралық агенттіктер жер сілкінісінің магнитудасы 7,2 болғанын, одан кейін магнитудасы 7,5-ке жеткен тағы бір жерасты дүмпуі тіркелгенін хабарлады.
Әлеуметтік желілерде Венесуэланың түрлі өңірлерінен түсірілген бейнежазбалар мен фотолар жарияланып жатыр. Кадрлардан зақымданған ғимараттарды, құлаған қабырғаларды және шаң-тозаңға оранған көшелерді көруге болады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Каракастағы Симон Боливар атындағы халықаралық әуежай да зақымдануы мүмкін. Оқиға орнындағы тілшілер қираған үйлердің маңынан зардап шеккен адамдардың эвакуацияланып жатқанын хабарлады.
Сарапшылардың бағалауынша, жер сілкінісінен келетін экономикалық шығын Венесуэланың жалпы ішкі өнімінің 2-20 пайызына дейін жетуі ықтимал.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз