Украина Путиннің резиденциясына шабуыл жасады ма?
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 29 желтоқсанға қараған түні Украина ұшқышсыз ұшу аппараттарымен Президент Владимир Путиннің Новгород облысындағы резиденциясына шабуыл жасағанын хабарлады, деп жазады ZontNews.kz.
Ресей тарапы бұл оқиғаны террористік әрекет деп айыптап, барлық дрондардың жойылғанын және зардап шеккендердің жоқ екенін мәлімдеді.
«Ресей қарулы күштерінің қарымта соққы жасайтын нысандары мен уақыты нақтыланды» – деп мәлімдеді Сергей Лавров.
Министр Мәскеудің АҚШ-пен келіссөздерден шықпайтынын, бірақ осы оқиғаға байланысты келіссөздегі ұстанымын қайта қарайтынын жеткізді. Украина президенті Владимир Зеленский бұл ақпаратты Ресейдің Киевке жасалатын соққыларды ақтау үшін ойлап тапқан «жалған мәліметі» деп атады. Зеленскийдің айтуынша бұл қадам бейбітшілік жолындағы жетістіктерді жоққа шығару үшін жасалып отыр.
Осы оқиғадан кейін Владимир Путин мен Дональд Трамп телефон арқылы тілдесті. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың хабарлауынша АҚШ тарапы Мар-а-Лагодағы украин делегациясымен өткен келіссөздердің қорытындысын баяндаған. Сонымен қатар Путин Трампқа Новгородтағы резиденцияға жасалған шабуыл туралы айтқан.
«АҚШ президенті бұл хабардан шошып, мұндай ақылға сыйымсыз әрекеттерге наразылық білдірді. Трамп бұл жағдайдың Вашингтонның Зеленскиймен жұмыс істеу тәсілдеріне әсер ететінін айтты. Тіпті ол қазіргі әкімшіліктің Украинаға Томагавк зымырандарын бермегеніне шүкіршілік етті» – деп хабарлады Кремльдің ресми өкілдері.
Ақ үй әзірге келіссөздің егжей-тегжейін жарияламады. Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт тек әңгіменің Украина мәселесіне қатысты болғанын және оң сипатта өткенін айтумен ғана шектелді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз