Трамп Ford зауытындағы жұмысшыға әдепсіз ишара жасады
АҚШ президенті Дональд Трамптың Детройттағы Ford зауытына іссапары кезінде күтпеген оқиға тіркелді. Өндіріс цехын аралау барысында мемлекет басшысы мен кәсіпорын жұмысшыларының бірі арасында ашық қақтығыс орын алды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
TMZ таблоидының хабарлауынша жұмысшы президентке қарата ауыр айыптар айтқан.
Оқиға кезінде жұмысшы Трампты «педофилдерді қорғаушы» деп айыптаған. Бұл мәлімдеме президенттің марқұм миллиардер Джеффри Эпштейнмен бұрынғы байланыстарына және АҚШ Әділет министрлігінің «Эпштейн файлдарын» жариялауды кешіктіруіне қатысты наразылық ретінде бағалануда. Дональд Трамп бұл сөздерге дөрекі жауап беріп, жұмысшыға қарата балағат сөз айтып, әдепсіз ишара көрсетті.
«Трамп жұмысшының сөзіне жауап ретінде балағат сөз айтып, оған ортаңғы саусағын көрсетті» – деп хабарлады TMZ басылымы.
Бұл оқиға АҚШ-та «Эпштейн файлдарының» айналасындағы талқылаулар қайта қызған тұста болып отыр. Джеффри Эпштейн 2019 жылы адам саудасы бойынша сотты күтіп отырған камерасында өз-өзіне қол жұмсаған болатын. 2025 жылдың қарашасында Трамп осы іске қатысты құжаттарды ашу туралы заңға қол қойғанымен, БАҚ-та оның есімі аталған түрлі ақпараттар әлі де жарияланып келеді.
Жуырда ғана ФБР Эпштейннің атынан жазылған Трамп туралы хаттың жалған екенін мәлімдеген еді. Дегенмен Детройттағы оқиға сайлаушылар мен президент арасындағы саяси диалогтың қаншалықты шиеленіскенін көрсетіп берді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз