Reuters: Иран АҚШ-пен уақытша әскери үзіліске дайын
Иран АҚШ әуе шабуылдарын уақытша тоқтатқан кезеңде өз тарапынан да әскери әрекетке бармайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ZontNews.kz. Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Reuters дерегінше, Тегеран «шабуылға – шабуыл» қағидатынан айнымайтынын жеткізген. Егер АҚШ әскери операцияларын тоқтатса, Иран да жауап соққыларын уақытша доғарады. Бұл ұстаным Вашингтонға дипломатиялық арналар арқылы жеткізілген.
Агенттіктің мәліметінше, Пентагон жұма күні кештен бері Иранға бағытталған әуе соққыларын уақытша тоқтатқан. Осы уақыттан бері АҚШ жаңа шабуыл жасамаған, ал Иран да соңғы екі тәулікте жауап соққыларын жүзеге асырмаған.
АҚШ-тың БҰҰ жанындағы елшісі Майк Уолц президент Дональд Трамптың әскери іс-қимылды уақытша тоқтату туралы шешімі дипломатиялық келіссөздерге мүмкіндік беру мақсатында қабылданғанын айтты.
Сонымен қатар Reuters америкалық шенеунікке сілтеме жасап, АҚШ әскери басшылығы алдын ала белгіленген нысандар санының азаюы мен оқ-дәрі қорының сарқыла бастауына байланысты алаңдаушылық білдіргенін хабарлады. Осыған байланысты әскери операцияны жалғастырудың тәуекелі жоғары екені президентке жеткізілген.
Алайда Иран билігі бұл үзілісті сақтықпен қабылдап отыр. Reuters-пен сөйлескен ирандық дереккөздің айтуынша, Тегеран Вашингтонның әрекетін бейбітшілікке ұмтылыс емес, тактикалық қадам ретінде бағалайды.
Еске салайық, соңғы апталарда АҚШ Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына төнген қауіпке байланысты Иранға әуе шабуылдарын күшейткен болатын. Бұған жауап ретінде Иран Парсы шығанағындағы АҚШ одақтастарына тиесілі инфрақұрылым нысандарына соққы жасаған. Қазір әскери іс-қимыл бәсеңдегенімен, аймақтағы ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз