Пикассо мен Климт туындылары саудаға шықты
Лондонда Еуропадағы ең қымбат жеке өнер топтамаларының бірі көпшілік назарына ұсынылды. Sotheby’s аукцион үйі британдық миллиардер Джо Льюис отбасының коллекциясындағы жалпы құны 270 миллион доллардан асатын 48 өнер туындысын көрмеге қойды.
Экспозицияға XX ғасырдың әйгілі суретшілері – Амедео Модильяни, Густав Климт, Пабло Пикассо, Эдгар Дега және Люсьен Фрейд туындылары енгізілген.
Коллекциядағы ең қымбат лот – Модильянидің 1917 жылы салған Nu assis au collier картинасы. Сарапшылар оның бағасы 61 миллион доллардан асуы мүмкін екенін айтады. Бұл туынды соңғы рет 1995 жылы саудаға шығарылған.
Сондай-ақ аукционда Климттің Portrait of Gertrud Loew портреті, Деганың әйгілі Petite danseuse de quatorze ans мүсіні және Пикассоның музасы Дора Маарға арналған Buste de femme картинасы ұсынылады.
Sotheby’s сарапшылары ерекше назарды Люсьен Фрейдтің Sleeping by the Lion Carpet туындысына аударып отыр. Аукцион үйінің Еуропадағы бөлімінің төрағасы Оливер Баркер бұл жұмысты нарыққа шыққан ең үздік картиналардың бірі деп бағалады.
89 жастағы Джо Льюис ұзақ жылдар бойы Tottenham Hotspur клубының иесі болған. Оның байлығы шамамен 7,8 миллиард долларға бағаланады.
Көрме Лондондағы Sotheby’s кеңсесінде 23 маусымға дейін тегін жұмыс істейді. Аукцион нәтижелері әлемдік өнер нарығындағы ең ірі сатылымдардың бірі болуы мүмкін.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз