Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 503.05
595.85
6.55
  • Алматы
    2°C
    • Астана
      -12°C
Ру

Оңтүстік Кореяның экс-президентіне Юн Сок Ёльге өлім жазасы сұралды

Фото көзі: Yonhap
Қаһар Бинахметов
Қаң. 14, 2026, 1:16 Т.Қ.
0
26

Оңтүстік Корея прокуратурасы елдің бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді бүлік ұйымдастырды деп айыптап, оған ең ауыр жаза — өлім жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Бұл қадам 2024 жылғы желтоқсандағы сәтсіз әскери жағдай енгізу әрекетінен кейін басталған мемлекеттік деңгейдегі тергеудің логикалық қорытындысы болып отыр.

Айыптау қорытындысына сәйкес Юн Сок Ёль 2024 жылғы 3 желтоқсанда елде соғыс немесе ұлттық қауіпсіздікке нақты қатер болмаса да, әскери жағдай енгізу арқылы конституциялық құрылымды бұзуға талпынған. Тергеу органдары экс-президенттің бұл мақсатта бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хёнмен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласқанын дәлелдеп отыр.

«Юн Сок Ёль 2024 жылғы 3 желтоқсанда соғыс, қарулы қақтығыс немесе ұлттық дағдарыс белгілері болмағанына қарамастан, әскери жағдай енгізу арқылы бүлікке арандату мақсатында өзге тұлғалармен сөз байласқан» – деп хабарлады Оңтүстік Корея прокуратурасы.

Юн Сок Ёль өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Ол өз әрекетін үкімет жұмысына кедергі келтірген оппозициядан мемлекетті қорғау шарасы ретінде түсіндірді. Еске салсақ, Парламент жариялаған импичменттен кейін Конституциялық сот Юн Сок Ёльді қызметінен түпкілікті шеттеткен болатын.

Бұл іс аясында бұрынғы президенттің жұбайы да қамауға алынды. Оған былтырғы тамыз айында парақорлық және акциялар арқылы алаяқтық жасады деген айыптар тағылған еді. Сеул соты резонансты іс бойынша түпкілікті үкімді ақпан айының басында жариялайды деп күтілуде.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады