Ормуз бұғазында 125 млрд долларлық жүк тұрып қалды
АҚШ пен Иран әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келгеніне қарамастан, Парсы шығанағындағы кеме қатынасы толық қалпына келген жоқ. Allianz сақтандыру компаниясының мәліметінше, Ормуз бұғазында шамамен 1150 сауда кемесі әлі де қозғалысын жалғастыра алмай тұр, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сарапшылардың бағалауынша, бұғатталған кемелер мен олардың жүктерінің жалпы құны 125 миллиард долларға жетеді. Аймақтағы әскери шиеленіс бәсеңдегенімен, кеме иелері мен сақтандыру компаниялары қауіпсіздік тәуекелдерін әлі де жоғары деп санап отыр.
Allianz Commercial компаниясының теңіз сақтандыруы жөніндегі аға сарапшысы Юстус Хайнрихтің айтуынша, теңіз тасымалы бұл қақтығыстың «кепіліне» айналған. Оның сөзінше, жағдай тұрақталған күннің өзінде Ормуз бұғазында жиналып қалған барлық кеменің қалыпты қозғалысқа оралуы үшін бірнеше апта қажет болады.
Сондай-ақ Қызыл теңіз бен Суэц каналы арқылы өтетін бағыттарда да қиындықтар сақталуда. Сарапшылардың мәліметінше, қазіргі таңда Суэц каналы арқылы өтетін кемелер саны бұрынғы деңгейден шамамен 80 пайызға азайған.
Йемендегі хуситтердің шабуыл қаупіне байланысты көптеген халықаралық тасымалдаушылар кемелерін Африканы айналып өтетін балама бағыттарға жіберуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде тасымал құнын арттырып, жүк жеткізу мерзімін ұзартып отыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз