Нью-Йорктегі сот: Николас Мадуро өзін «әскери тұтқын» деп жариялады
Нью-Йорк федералды сотында Венесуэла жетекшісі Николас Мадуроға қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Сот залына кісендеулі күйде келген Мадуро өзін «АҚШ күштері ұрлап әкеткенін» мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
92 жастағы судья Элвин Хеллерштейн істі бастамас бұрын айыпталушыдан кім екенін растауды сұрады.
«Мен Николас Мадуромын. Мен Венесуэла Республикасының президентімін. Мені 3 қаңтар күні Каракастағы өз үйімнен ұрлап әкетті және содан бері тұтқында отырмын» – деді ол испан тілінде сабыр сақтай отырып.
Судья бұл мәселені талқылауға әлі уақыт болатынын айтып, оның сөзін тоқтатты.
40 минутқа созылған драмалық сот отырысында Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес есірткі және қару-жарақ контрабандасы бойынша тағылған айыптарды мүлдем мойындамады.
«Мен кінәсізбін. Мен — адал адаммын» – деп мәлімдеді Мадуро.
Силия Флорес те өз кезегінде тағылған айыптарды теріске шығарып, мүлдем кінәсіз екенін жеткізді.
63 жастағы Мадуро мен оның әйелі өткен сенбіде Каракастағы резиденциясында АҚШ-тың арнайы жасағы жүргізген операция барысында ұсталған болатын. Аталған әскери шабуыл кезінде Венесуэланың стратегиялық нысандарына соққы жасалып, президентті күзеткен 32 Куба азаматы қаза тапқан еді.
Сот залында Мадуро мен Флорес қызғылт сары және көк түсті түрме киімінде болды. Олар аударманы есту үшін арнайы құлаққап тағып, адвокаттарының жанында отырды. Николас Мадуро отырыс бойы блокнотына жазбалар түсіріп, судьядан оны өзінде қалдыруға рұқсат сұрады. Ол залда отырғандардың кейбірімен қол бұлғап амандасып, өзін сабырлы ұстауға тырысты.
Сот соңында залда отырған ер адамның бірі Мадуроның «қылмыстары үшін жауап беретінін» айтып айқайлады. Бұған жауап ретінде Венесуэла жетекшісі өз ұстанымын тағы да қайталады.
«Мен президентпін әрі әскери тұтқынмын» – деп айтты ол залдағы адамға қарап.
Осыдан кейін әлгі ер адам сот залынан шығарылды. Келесі сот отырысы 17 наурызға жоспарланған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз