Непалдағы жойқын сел ауылдарды шайып кетті
Непал мен Тибет шекарасында 26 тамызда болған жойқын су тасқынынан 175-тен астам адам қаза тауып, 800-ге жуық тұрғын хабарсыз кетті. Табиғи апат тұтас ауылдарды шайып, көптеген отбасыны баспанасыз қалдырды. Су ағынының күшті болғаны соншалық, сейсмологтар оны бастапқыда жер сілкінісі деп қабылдаған. Бүл туралы ZontNews.kz. BBC бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Нувакот ауданының тұрғыны Калпана Малла сел кезінде ата-анасынан, әпкесі мен оның балаларынан айырылғанын айтты. Өзі ұлымен бірге үйдің шатырына шығып, аман қалған.
«Олардың қашып шығуына мүмкіндік болмады. Тасқын бәрін алып кетті. Ұлым екеуміздің қалай аман қалғанымызды өзіміз де түсіндіре алмаймыз», – деді ол.
Калпананың ұлы Сугам Малла әпкесіне байланыста болу үшін телефонын берген. Алайда қазір оған хабарласу мүмкін болмай отыр. Ол әпкесін де су ағызып әкетуі мүмкін деп алаңдайды.
Тағы бір тұрғын Гома Пандит апат салдарынан барлық малынан және жиналған өнімінен айырылған. Оның егістік алқабын су басып, он қап қыша тұқымы мен бірнеше тонна жүгері және күріш жойылған.
Катмандудағы Трибхуван университетінің ауруханасына хабарсыз кеткен жақындарынан жаңалық күткен адамдар жиналды. Олардың арасында күйеуімен байланыса алмай отырған Рам Кумари Шрестха да бар. Ал Мани Шрестха Бишва інісі, ағасы, немере ағасы және досының тағдырын білу үшін ауруханада түнеуге мәжбүр болған.
Треккинг гиді Сонэм Дорже туған ауылы Расува-Сьяфрудан тасқын басталардан бір сағат бұрын шығып кеткен. Жолда келе жатып, ауылға қарай лап қойған судың қатты дауысын естіген. Кейін үйінің қирағанын білген. Оның әпкесі, жездесі және бірнеше туысы әлі табылған жоқ.
27 тамызда құтқарушылар лай мен үйінділер арасымен жүріп, зардап шеккен аймақтарға азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізуге кірісті. Қазір тұрғындарға эвакуация, уақытша баспана және медициналық көмек қажет. Сонэм Дорже хабарсыз кеткен әпкесінің аман табылатынына әлі де үміттенеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз