Непалда тасқын құрбандары 1252-ге жетті
Непалдың солтүстігіндегі жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 1252 адамға жетті. Тағы 4875 адам хабарсыз кеткендер қатарында, деп хабарлайды ZontNews.kz. Непал полициясының мәліметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін табиғи апат салдарынан 1127 адамның көз жұмғаны хабарланған еді. Қазір табылған мәйіттердің жеке басын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Непал Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 900-ге жуық мәйіттің шамамен төрт пайызы ғана сәйкестендірілген.
Іздестіру-құтқару операциясына 18 700-ден астам маман жұмылдырылды. Алайда толассыз жауын-шашын мен авиацияның жетіспеуі жұмыстарды қиындатып отыр.
Трисули өзенінің бойындағы гидроэнергетикалық нысандарда жеке іздеу операциясы жүргізілуде. Құтқарушылар жұмысшылар туннельдердің ішінде қалып қоюы мүмкін деп болжайды. Расувагадхи станциясында 93 адам хабарсыз кеткен. Әзірге олардың сол жерде екенін растайтын белгілер табылған жоқ.
Жоғарғы Трисули 3A станциясының туннелінде бақыланатын жарылыс жасалды. Одан кейін әскерилер екі экскаватордың көмегімен тереңдігі шамамен он метрлік шахта қазып, су мен балшықты соруға кірісті.
Сел Расува ауданындағы метеорологиялық бақылау жүйесін де ағызып кеткен. Билік шекара маңындағы жағдай туралы жедел ақпарат алу үшін топырақ қозғалысын анықтайтын сейсмометрлер мен басқа да жаңа жабдықтарды орнатты.
Табиғи апат салдарынан Қытаймен арадағы сауда қатынасы да қиындады. «Расувагадхи» кеден бекеті толығымен қираған. Ал 31 тамызда Қытай көшкін қаупіне байланысты Татопани өткізу бекетін жүк тасымалы үшін жапты. Қазір екі ел арасындағы жалғыз құрлықтағы бағыт ретінде Мустанг ауданындағы Корала бекеті жұмыс істеп тұр.
Кеден инфрақұрылымын қалпына келтіруге бірнеше ай қажет болуы мүмкін. Саудагерлер мерекелік маусым қарсаңында тауар тапшылығы туындап, баға қымбаттауы ықтимал екенін ескертті.
Алдын ала есеп бойынша, су тасқынынан келген шығын көлемі 200 миллиард непал рупийіне бағаланып отыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз