Мыңдаған круиз жолаушысы Парсы шығанағында қалды
Парсы шығанағындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Дубай, Доха және Абу-Даби порттарында мыңдаған круиз жолаушысы қалып қойды. Қазіргі уақытта круиздік компаниялар оларды үйлеріне қайтару үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ZontNews.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
БҰҰ-ның Халықаралық теңіз ұйымының (IMO) мәліметінше, аймақта түрлі операторлардың кемелерінде болған шамамен 15 мың жолаушы порттарда тоқтап тұр. Олардың қатарында MSC, TUI, Celestyal және AROYA круиздік компанияларының кемелері бар.
Грек круиздік компаниясы Celestyal өз кемелерінің әлі де Парсы шығанағында тұрғанын растады. Компанияның мәліметінше, Дубайдағы жолаушылардың барлығы қауіпсіз түрде жағаға түсірілген, ал Celestyal Journey кемесіндегі қалған жолаушылар алдағы 24 сағат ішінде Қатарда түсіріледі.
Сонымен қатар, тоқтатылған рейстерге билет алған жолаушыларға ақшасы толық қайтарылатыны немесе болашақ круиздерге арналған ваучер ұсынылатыны айтылды.
Сауд Арабиясының қолдауымен жұмыс істейтін AROYA Cruises компаниясы Парсы шығанағындағы қысқы маусымының қалған бөлігін толық тоқтатты.
Ал Женевада орналасқан MSC Cruises компаниясы Дубайдағы MSC Euribia лайнерінде болған жолаушыларды еліне қайтару үшін арнайы рейстер ұйымдастыруда. Қазіргі уақытқа дейін 1500-ден астам жолаушы аймақтан ұшып кеткен.
Компания мәліметінше, қазірдің өзінде жеті рейс орындалған. Жолаушылар Ұлыбритания, Италия, Германия, Испания, АҚШ және Бразилия елдеріне жеткізілген.
Немістің TUI Cruises операторы да бірқатар рейстерін тоқтатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Mein Schiff 4 лайнерінің рейстері 23 наурызға дейін, ал Mein Schiff 5 кемесінің рейстері 12 наурызға дейін тоқтатылған. Қазіргі уақытта Mein Schiff 4 кемесі Абу-Даби портында тұр.
Компанияның мәліметінше, жолаушылар мен экипаж мүшелерін елдеріне қайтару жұмыстары чартерлік рейстер мен тұрақты әуе рейстері арқылы жүргізіліп жатыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз