Әлемде миллиардтаған текше метр газ босқа өртеліп жатыр
Дүниежүзілік банк ілеспе мұнай газын алауда жағу көлемі қатарынан үшінші жыл өсіп жатқанын мәлімдеп, бұл үрдіс жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін айтты, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Global Gas Flaring Tracker есебіне сәйкес, көптеген елде энергия тапшылығы байқалғанына қарамастан, миллиардтаған текше метр газ әлі де босқа өртеліп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл газды электр энергиясын өндіруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға пайдалануға болар еді.
Дүниежүзілік банк әсіресе кедей елдерде жағдай күрделі екенін атап өтті. Өйткені олар қымбат газды импорттай отырып, өздерінің мұнай кен орындарындағы ілеспе газды алауда жағуды жалғастырып келеді.
Осы ретте Қазақстан ілеспе газды алауда жағуды азайту бойынша табысты елдердің бірі ретінде аталды. Банк дерегінше, республика 2012 жылдан бері мұндай газды жағу көлемін 87 пайызға қысқартқан. Ал 2025 жылдың өзінде бұл көрсеткіш тағы 16 пайызға төмендеген.
Әлемдегі алауда жағылатын газдың 80 пайыздан астамы Ресей, Иран, Ирак, Венесуэла, Мексика, Ливия, Алжир, Нигерия және АҚШ-тың үлесіне тиесілі.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, әлемде ілеспе газды алауда жағуды толық тоқтату үшін 70–100 миллиард доллар қажет. Сарапшылардың айтуынша, бұл – бүгінде босқа өртеліп жатқан газдың екі жылдық құнынан да аз сома.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз