Лариджани: Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізбейді
Әли Лариджани X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Тегеранның Вашингтонмен ешқандай келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz
«Біз АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізбейміз», – деп жазды ол.
Лариджанидің айтуынша, Дональд Трамп «жалған үміт» беріп, Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтырған. Оның сөзінше, АҚШ басшысы аймақтағы тұрақсыздыққа себепкер болып, енді америкалық әскердің шығыны арта ма деп алаңдап отыр.
«Трамп "жалған үміт" беріп, аймақты хаосқа айналдырды. Ол қисынсыз әрекеттері арқылы "Ең алдымен Америка" ұранын "Ең алдымен Израиль" деп өзгертті және Израильдің билікке ұмтылысына бола америкалық сарбаздарды құрбан етті», – деді Лариджани.
Сондай-ақ ол Трамптың мәлімдемелері америкалық әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларына зиян келтіріп отырғанын айтты.
«Бүгінде Иран халқы өзін қорғап жатыр. Иран қарулы күштері ешкімге басып кірген жоқ», – деп мәлімдеді саясаткер.
Ал бірнеше сағат бұрын Трамп Иранның жаңа басшылығы АҚШ-қа келіссөздерді қайта бастауды ұсынғанын айтқан еді.
«Олар келіссөз жүргізгісі келеді. Мен келістім, сондықтан сөйлесемін. Мұны ертерек жасау керек еді. Олар тым ұзақ күтті», – деді ол.
Трамп келіссөздердің нақты қашан өтетінін нақтылаған жоқ. Сонымен қатар Вашингтон соңғы апталарда байланыста болған кейбір ирандық келіссөз жүргізушілер шабуыл кезінде қаза тапқанын мәлімдеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз