Иран: АҚШ пен Израиль соққыларынан мыңнан астам адам қаза тапты
Иранның Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Хоссейн Керманпур Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ пен Израильдің соққылары салдарынан зардап шеккендер туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды, ZontNews.kz.
Оның айтуынша, сегіз күнге созылған шабуылдар кезінде Иранның бейбіт тұрғындары үлкен шығынға ұшыраған. Алдын ала деректер бойынша, 1,2 мыңнан астам адам қаза тапқан. Қаза болғандардың ішінде 12 жасқа дейінгі 200 бала және 200 әйел бар.
Сондай-ақ 10 мыңнан астам бейбіт тұрғын жарақат алған, олардың шамамен 1,4 мыңы ауыр жараланған.
Шабуылдар салдарынан денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы да айтарлықтай зардап шеккен. Атап айтқанда:
– 25 ауруханаға зиян келген, олардың 9-ы қазір жұмыс істемейді;
– госпитальға дейінгі жедел медициналық көмек көрсететін 18 база жойылған;
– 14 жедел жәрдем көлігі істен шыққан;
– 2 округтік медициналық орталыққа зақым келген;
– 17 көпбейінді медициналық орталық зардап шеккен;
– 2 ауылдық медициналық пунктке зиян келген.
Керманпурдың мәлімдеуінше, Тегеран қаласындағы бірқатар тарихи нысандар да зақымданған. Сонымен қатар мұнай өңдеу зауыттарының біріндегі оқиға салдарынан өңірдің экологиялық жағдайына да кері әсер тигені айтылды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз