Интерполдың халықаралық операциясында мыңнан астам адам ұсталды
Интерполдың үйлестіруімен өткен Global Chain халықаралық операциясы барысында 59 елдің құқық қорғау органдары адам саудасымен айналысқан қылмыстық желілерге қарсы ауқымды шара жүргізді. Нәтижесінде әлем бойынша мыңнан астам адам ұсталды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Интерполға сілтеме жасап.
8–12 маусым аралығында өткен операция кезінде адам саудасына қатысы бар деген күдікпен 334 адам, ал осыған байланысты өзге қылмыстар үшін тағы 690 адам қолға түсті. Сонымен қатар адам саудасының 2 070 құрбаны анықталып, 465 қылмыстық іс бойынша тергеу басталды.
Интерпол мәліметінше, зардап шеккендер 45 елдің азаматтары. Олардың басым бөлігі Аргентина, Колумбия, Венесуэла, Молдова және Непалдан шыққан. Құрбандардың көбі жалған жұмыс ұсыныстары мен алдау арқылы шетелге шығарылған.
Операция барысында Бразилияда адамдарды Камбоджаға жеткізіп, интернет-алаяқтыққа мәжбүрлеген халықаралық желі әшкереленсе, Аргентинада мәжбүрлі еңбекке жегілген кәмелетке толмағандар құтқарылды. Ал Бельгияда әлеуметтік желі арқылы қыздарды алдап, жезөкшелікке мәжбүрлеген топтың 17 мүшесі ұсталды.
Интерполдың мәліметінше, анықталған құрбандардың шамамен 10 пайызы – сексуалдық қанауға ұшыраған кәмелетке толмағандар. Барлық зардап шеккендерге қорғау және қолдау шаралары көрсетіліп жатыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз