Филиппин мектебіндегі атыстан адамдар қаза тапты
Филиппиннің оңтүстігіндегі Замбоанга қаласында орналасқан мектепте атыс болып, төрт адам қаза тапты. Тағы тоғыз адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Оқиға 18 тамыз күні таңертең Ateneo de Zamboanga жоғары мектебінде сабақ басталмай тұрып болған.
Ұлттық тергеу бюросының мәліметінше, қаза тапқандардың екеуі – оқушы, тағы екеуі – қауіпсіздік қызметінің өкілдері. Зардап шеккен тоғыз адамға медициналық көмек көрсетілген. Құрбандардың есімдері әзірге жария етілмеді.
Алдын ала ақпарат бойынша, шабуыл жасады деген күдік жоғары сынып оқушысына түскен. Ол оқу орнына тапанша мен винтовка алып кіріп, сыныптардың бірінде оқ атқан.
Замбоанга мэрі Хаймер Адан Оласо күдікті мен қаза тапқандардың бірінің осы жекеменшік мектептің оқушылары болғанын мәлімдеді.
Қазір полиция мен тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Мамандар шабуылдың себебін, қарудың мектеп аумағына қалай жеткізілгенін және қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеруде.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз