Энергетикалық нысандарға соққы жасау тоқтатылады: Трамп Путинмен келісімге келгенін айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына жасалатын шабуылдарды уақытша тоқтату туралы келісімге келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ақ үй басшысының айтуынша бұл шешім аймақтағы қатал аязға байланысты қабылданған. Трамп Украинадағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеушілік барын атап өтті.
Ақ үйде өткен шара барысында АҚШ президенті Ресей тарапына Киев пен өзге де ірі қалаларды атқылауды бір аптаға доғару туралы жеке өзі ұсыныс жолдағанын жеткізді.
«Мен Владимир Путинге алдағы бір апта ішінде Киевке және Украинаның бірқатар өзге де қалаларына соққы жасаудан бас тарту туралы өтініш білдірдім. Қазіргі уақытта Ресей мұндай шабуылдарды тоқтатты» – деп мәлімдеді Дональд Трамп.
Украина президенті Владимир Зеленский де Дональд Трамптың бұл мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен келіссөздер нәтижесінде «энергетикалық бітімге» қол жеткізілгенін растады. Оның айтуынша уақытша келісім бүгін түннен бастап күшіне енуі тиіс. Киев тарапы бұл үзіліс аяз кезінде энергетикалық жүйені тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.
Дегенмен Ресей билігі тарапынан соққыларды тоқтату туралы әзірге ешқандай ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз