АҚШ Иранға соққы беру мүмкіндігін қарастыруда
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасы мен баллистикалық зымыран өндірісін шектеуге бағытталған алдын ала келіссөздер нәтиже бермегендіктен, бұл елге жаңа әскери соққы беру жоспарын талқылап жатыр, деп хабарлайды ZontNews.kz.
CNN ақпарат көздерінің хабарлауынша Вашингтон Тегеранның стратегиялық нысандарына шабуыл жасау арқылы қысымды күшейтуді көздейді.
Ақ үй әкімшілігі Иранның саяси басшылығын, наразылық шараларын басып-жаншуға қатысы бар шенеуніктерді, сондай-ақ ядролық кешендер мен мемлекеттік мекемелерді нысанаға алуы мүмкін. Трамп әзірге түпкілікті шешім қабылдамағанымен, USS Abraham Lincoln әуе кемесін тасымалдаушы соққы беру тобының Үнді мұхитына келуі АҚШ-тың аймақтағы әскери мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті деп есептейді.
Қорғаныс мақсатында АҚШ аймақтағы өз күштерін Иранның ықтимал қарымта соққысынан қорғау үшін Patriot және THAAD әуе қорғанысы жүйелерін орналастырды. Сонымен қатар АҚШ Әскери-әуе күштері Таяу Шығыста күрделі жағдайларда операциялар жүргізу дағдыларын пысықтап, арнайы оқу-жаттығулар өткізуде.
Дипломатиялық арналар арқылы жүргізілген талқылаулар нәтижесіз аяқталды. Атап айтқанда Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи арасындағы байланыстарға қарамастан, тараптардың жеке кездесуі өтпеді. Вашингтон Иранның баллистикалық зымырандарының ұшу қашықтығын шектеуді талап етсе, Тегеран тек ядролық бағдарлама төңірегінде ғана сөйлесуге дайын екенін білдірді. АҚШ тарапы бұл ұсынысқа әлі ресми жауап берген жоқ.
Америкалық барлау қызметінің дерегінше Ирандағы саяси режим АҚШ пен Израильдің соққыларынан және ішкі наразылықтардан кейін әлсіреген. Трамп бұған дейін елдің жоғарғы көшбасшысының ауысуы мүмкін екенін ашық меңзеген болатын.
«Иранға қарай АҚШ кемелерінің армадасы жылжып барады. Тегеран мәмілеге келеді деп үміттенемін» – деп мәлімдеді Трамп.
Дегенмен әскери сарапшылар Әли Хаменеидің биліктен кетуі режимнің толық құлауына кепілдік бермейтінін ескертеді. Иранның баллистикалық зымырандары, әуе қорғанысы жүйелері, соққы беруші дрондары мен истребительдері Вашингтонның дәлдігі жоғары соққы жасау жоспарын жүзеге асыруды қиындатуы мүмкін. АҚШ Қарулы Күштерінің орталық қолбасшылығы Abraham Lincoln авианосецінің Индий мұхитындағы жауапкершілік аймағына келгенін растады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз