Наурыздағы ҰБТ: 179 мың талапкер тест тапсырды
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылғы наурыз айындағы Бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Министрлік мәліметінше, тестілеуге шамамен 179 мың талапкер қатысқан. Олардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, ал 157 адам ағылшын тілінде тапсырған. Талапкерлердің 70%-ы шекті балл жинап, орташа нәтиже 66 балды құрады. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл.
Максималды нәтижеге Атырау облысының түлегі Кенесова Жазира қол жеткізді. Ол төрт пәннен 90 балл жинап, ҚАЗТЕСТ сертификаты арқылы «Қазақ тілі» пәні бойынша балдарын конвертациялап, жалпы 140 балл алған.
Тестілеу қорытындысы бойынша 31 мыңнан астам апелляциялық өтініш түсіп, 17 бірегей тапсырма бойынша шағымдар қанағаттандырылды.
Пәндік комбинациялар ішінде «Математика–Физика» (18,7%) көш бастаса, «Биология–Химия» (16,5%) және «Шығармашылық емтихан» (10,3%) ең көп таңдалған бағыттардың қатарына кірді.
Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 408 талапкер тестке қатысқан. ҰБТ барысында 264 ереже бұзушылық тіркеліп, 130 талапкер тыйым салынған зат алып кірмек болғаны үшін, ал 134 адам тест кезінде тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды.
Министрлік мәліметінше, бейнежазбаларды талдау 31 қазанға дейін жалғасады. Ереже бұзушылықтар анықталған жағдайда тест нәтижелері жойылады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз