Күштібаев пәтер үшін арыз берді
Талдықорған қаласының бұрынғы полиция бастығы Марат Күштібаев 11 жылға сотталғаннан кейін Жетісу облыстық полиция департаментіне қарсы әкімшілік талап-арыз түсірді. Даудың мәні - Болашақ шағынауданындағы отбасының 2016 жылдан бері тұрып келе жатқан пәтерінің мәртебесі, деп хабарлайды ZontNews.kz.
2016 жылы бұл баспана Күштібаев отбасына «тұрғын үйге мұқтаж» ретінде коммуналдық қордан берілген. 2023 жылдың ақпанында пәтер полиция департаментінің балансына өткен, ал тамызда Күштібаев қызметтік тұрғын үйді жалға алу келісімшартына отырған. Сол жылдың 25 тамызында ол пәтерді жекешелендіру туралы рапорт тапсырған, бірақ құжат екі жылдан астам қаралмаған.
Сот департаменттің рапортты уақтылы қарамауын заңсыз деп танып, оны тұрғын үй комиссиясында қарауды міндеттеді. Дегенмен пәтерді жекешелендірудің заңдылығы немесе заңсыздығы туралы түпкілікті шешім әлі шығарылған жоқ.
Полиция департаменті баспананың қызметтік екенін және Күштібаев құқық қорғау органдарында жұмыс істемейтінін алға тартып, оны ведомстволық қорда қалдыру қажеттігін мәлімдеді.
Еске салсақ, 2023 жылдың қарашасында Күштібаев зорлау күдігімен ұсталып, 2024 жылдың сәуірінде 11 жылға бас бостандығынан айырылған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз