Жетісайда алғашқы қауын өнімі жиналуда
Түркістан облысының Жетісай ауданында шаруалар биылғы маусымның алғашқы қауын өнімін жинауға кірісті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Өңірдегі ауыл шаруашылығы жұмыстарының нәтижелілігі су ресурстарын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты болып отыр. Мәселен, «Әл-Фараби» шаруа қожалығы егістік алқаптарын К-34 каналы арқылы суарып, тұрақты су жеткізіліміне қол жеткізген.
Шаруашылық өкілдерінің айтуынша, су тапшылығы байқалмаған, керісінше суару жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі жоғары әрі ерте өнім алуға мүмкіндік берген.
«20 гектар жерге қауын ектік. Су жеткілікті болды, ешқандай тапшылық көрген жоқпыз. Су үздіксіз берілді. Уақытылы суарудың арқасында мол әрі ерте өнім алып отырмыз. Атқарылған жұмыс үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне ризашылығымызды білдіреміз», – деді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Анарбайұлы.
Жалпы алғанда, шаруашылықтан шамамен 65 тонна қауын өнімі жиналған.
Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне 1 млрд текше метрден астам су жеткізілген. Оның 293 млн текше метрі Жетісай ауданының үлесіне тиесілі. Ал бақша дақылдарын суаруға 49 млн текше метр су бағытталған.
Қазіргі уақытта суару жұмыстары өңірде жалғасып жатыр. Бұл ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырып, бақша дақылдарының сапалы әрі тұрақты өнім беруіне жағдай жасауда.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз