Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Жастар жобаларына мемлекеттік қолдау көрсетіледі

Фото көзі: : Максат Шагырбаев/ Kazinform
ZontNews.kz
Шілде 8, 2026, 4:45 Т.Қ.

Алматыда жастардың қала дамуына белсенді қатысуына мүмкіндік беретін «Жастардың бюджетке қатысуы» атты жаңа жоба басталды. Жоба аясында 18 бен 35 жас аралығындағы алматылық жастар өз идеяларын ұсынып, оларды жүзеге асыру үшін мемлекеттен қаржылай қолдау ала алады, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, байқауға Қазақстан азаматтары жеке тұлға ретінде, сондай-ақ бастамашыл топтар, жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер құрамында қатыса алады.

Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің айтуынша, бұл жоба жастар мен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтып, белсенді азаматтардың қаланы дамытуға қосқан үлесін арттыруға бағытталған.

Байқауға қалалық ортаны абаттандыру, инфрақұрылым, экология, мәдениет, спорт, білім беру, цифрлық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі, туризм, медиа, инклюзия, психология, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша жобалар қабылданады.

Өтінімдерді jasalmaty.kz порталы арқылы онлайн түрде беруге болады. Қатысушылар өтінім формасын толтырып, жоба сипаттамасын, шығындар сметасын, күнтізбелік жоспарды, презентацияны және қажетті құжаттарды жүктеуі қажет.

Жобаларды іріктеу бірнеше кезең бойынша өтеді. Алдымен өтінімдердің талаптарға сәйкестігі тексеріліп, кейін оларды арнайы конкурстық комиссия бағалайды. Үздік бастамалар ашық онлайн дауыс беруге шығарылып, тұрғындардың қолдауына ие болған жобалар қаржыландырылады.

Бір жобаға 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейін қаржы қарастырылған. Бағдарламаның жалпы бюджеті – 90 млн теңге. Жоба аясында 12-ден 60-қа дейін бастаманы қолдау жоспарланып отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз