Талғарда 20 жастағы жігіттің қазасына қатысты тергеу жүріп жатыр
Алматы облысында 20 жастағы Ануар Мұсаевтың қазасына қатысты тергеу жүріп жатыр. Марқұмның әпкесі Тахмина Османжанқызы әлеуметтік желіде мәлімдеп, жігітке 10-нан астам адамның шабуыл жасағанын айтқан, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Алайда қазіргі таңда қамауда тек бір күдікті ғана бар, қалғандары бостандықта жүр. Сондай-ақ отбасыға қысым жасалып, татуласу туралы құжатқа қол қоюға мәжбүрлеу әрекеттері болғаны да айтылған.
Шабуыл 12 сәуір күні Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылында болған. Марқұм пышақ жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Марқұмның отбасы барлық қатысушыларды анықтап, істі жан-жақты әрі әділ тергеуді талап етіп отыр.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі таңда бір күдікті қамауға алынған. Сонымен қатар бұзақылық дерегі бойынша тағы үш адам ұсталып, олардың екеуі сот шешімімен үйқамаққа жіберілген. Іске кәмелетке толмаған жасөспірім де тартылған.
Полиция барлық куәгерлерден жауап алынғанын және істің барлық мән-жайы тексеріліп жатқанын хабарлады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз