Сенбі, 20 Маусым 2026 г.

$ 488.18
559.6
6.65
  • Алматы
    23°C
    • Астана
      21°C
Ру

Шымкент, бала, азап, ана, сот

Фото көзі: Бейне кадрлары
ZontNews.kz
Мамыр 20, 2026, 11:15 Т.Ж.

Шымкентте өз балаларына қатыгездік көрсеткен әйелге қатысты сот үкімі шықты. Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел балаларға жүйелі түрде күш көрсетіп, тән және психикалық зардап келтіргені үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды ZontNews.kz. 

Сот материалдарына сәйкес, әйел 2017 жылы туған ұлының темекі шеккенін көріп, оны ұрып-соққан. Бұдан кейін шанышқыны қыздырып, баланың аузын күйдірген.

Келесі күні баласы кешірім сұрағанына қарамастан, әйел оны қайта соққыға жыққан. Ал бірнеше күннен кейін ұлы мен 2015 жылы туған қызын 10 мың теңге ұрлады деп айыптап, қызған үтікпен ұлының бетін, қызының ішін күйдірген. Сонымен қатар балалардың шашын тақырлап алып, оларды психологиялық қысымға ұшыратқан.

Тергеу барысында әйелдің балаларды өзенге апарып, мұздай суға секіруге мәжбүрлегені және тұншықтырмақ болғаны да анықталған.

Сотта айыпталушының кінәсі оның өз жауабы, кәмелетке толмаған жәбірленушілердің айғақтары, сараптама қорытындылары мен өзге де дәлелдер арқылы толық дәлелденгені айтылды.

Прокурор әйелді 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраған. Жәбірленушілердің өкілі сотталушыны кешіргенін мәлімдесе, әйел өз кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, өзін қамауға алмауды өтінген.

Сот кінәні мойындау мен шынайы өкінуді жеңілдететін жағдай ретінде бағалады. Сонымен қатар әйелдің ата-ана құқығы шектелгені де ескерілді.

Нәтижесінде сот оны Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде денелері көгерген және күйік шалған балалардың видеосы тараған еді. Оқиға балалардың мектепке бармай қоюынан кейін белгілі болған. Педагогтер үйге барып, балалардың жағдайын көрген соң полицияға хабар берген. Кейін 29 жастағы әйел ұсталып, сот оның ата-ана құқығын шектеген болатын.

 

 

 

 

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз