Семейде бойжеткеннің өліміне қатысты сот басталды
28 қыркүйекте Семей қаласында Бородулиха ауылының 20 жастағы тұрғыны Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты қылмыстық іс қарала бастады, деп хабарлайды ZontNews.kz. Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 13 шілдеге қараған түні болған. Қыздың денесі ауыл шетіндегі жолдан табылған.
Айыптау тарапының мәліметінше, сол түні Дильназ бұрынғы жігітіне хабарлама жіберіп, ауыл орталығында кездесуді ұсынған. Кездесу кезінде олардың арасында жанжал туындаған. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы жиналмалы пышақпен қыздың мойны мен денесінің басқа бөліктеріне бірнеше рет жарақат салған.
Алған жарақаттарынан есінен танып қалған бойжеткенді сотталушы ауыл шетіне қарай сүйреп апарып, үйлер маңындағы топырақ жолға қалдырған. Осыдан кейін ол оқиға орнынан қашып кеткен.
Сараптама қорытындысында қыздың өлімі ұйқы артериясы мен кеуде тұсының жарақаттануы салдарынан көп қан жоғалтудан болғаны көрсетілген.
Сотта прокурор айыптау актісін оқып, оқиғаның мән-жайын баяндады. Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі – «Адам өлтіру» бойынша айып тағылған.
Марқұмның ата-анасы істің мұндай саралануымен келіспейді. Олардың пікірінше, жарақаттардың саны мен сипаты ескеріліп, сотталушының әрекеті ауырлататын мән-жайларда жасалған адам өлтіру ретінде бағалануға тиіс.
Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал осы баптың 2-бөлігі 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Істі сот қарауы жалғасып жатыр. Сотталушының кінәсі үкім заңды күшіне енгеннен кейін ғана түпкілікті анықталады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз