Семейде бойжеткенді өлтірген жігіт сотталды
Семейде бойжеткеннің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Сот айыпталушыны 14 жылға бас бостандығынан айырып, марқұмның отбасына 21 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды ZontNews.kz. КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 13 шілдеде Бородулиха ауылында болған. Тергеу дерегінше, жігіт көшеде бойжеткенге 16 рет пышақ жарақатын салып, өлтірген.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
«Сот сотталушыны кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деді судья Нияз Хасенбаев.
Сонымен қатар сотталушыдан марқұмның отбасы пайдасына 21 миллион 669 мың 600 теңге моральдық өтемақы өндірілетін болды.
Алайда жалғыз перзентінен айырылған ата-ана сот үкімімен келіспейді. Олар тергеу барысында бірқатар мән-жай толық анықталмағанын айтып, апелляциялық шағым түсіруге ниетті.
Марқұмның әкесі Сабыржан Темірхан қызының басындағы ауыр жарақаттың қандай затпен салынғаны белгісіз қалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиғаға қатысты деректер мен айыпталушының жауабында сәйкессіздіктер бар.
Сараптама нәтижесінде бойжеткеннің денесіне 16 рет пышақ салынғаны анықталған. Енді марқұмның ата-анасы қылмыстық істі қайта саралауды талап етпек.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз