Әр төртінші алматылық көшуді ойлаған
Алматы тұрғындарының 81 пайызы қаладағы ауа сапасын денсаулыққа қауіпті деп санайды. Ал әрбір төртінші тұрғын ауаның ластануына байланысты мегаполистен көшіп кету мүмкіндігін қарастырған, деп хабарлайды Zont News Exclusive.kz-ке сілтеме жасап.
Almaty Air Initiative қоры қаладағы ауа сапасына қатысты үшінші жыл сайынғы зерттеуінің нәтижесін жариялады. Сауалнамаға Алматының сегіз әкімшілік ауданында тұратын 18 жастан асқан 1000 адам қатысты.
Қордың атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекованың айтуынша, биыл алғаш рет тұрғындардың ауа сапасы туралы хабардарлық индексі анықталған. Зерттеу барысында ауаның өзі емес, тұрғындардың оған деген көзқарасы бағаланып, нәтижелер 2024 және 2025 жылдардағы көрсеткіштермен салыстырылған.
Былтыр сауалнамаға қатысқандардың 74 пайызы ауа сапасын денсаулыққа қауіпті деп санаса, биыл бұл көрсеткіш 81 пайызға жеткен. Респонденттердің 63 пайызы мәселеге қатты алаңдайтынын айтқан, ал жартысы Алматының ауасын өте нашар деп бағалаған.
Тұрғындардың пікірінше, қаладағы ауасы ең лас аудан – Түрксіб ауданы. Алматылықтар мұндағы ауаны Медеу және Бостандық аудандарымен салыстырғанда едәуір лас деп санайды. Алайда ауа сапасына қаланың жоғарғы бөлігінде тұратын тұрғындар көбірек алаңдайды.
Сауалнамаға қатысқан әрбір төртінші тұрғын лас ауаға байланысты Алматыдан көшіп кетуді кемінде бір рет ойлаған. Көшуді жоспарлаған немесе мұндай мүмкіндікті байыпты қарастыратындардың үлесі 2024 жылғы 17 пайыздан биыл 26 пайызға дейін өскен.
Олардың 57 пайызы басты себеп ретінде экологиялық жағдай мен ауа сапасын атаған. Сонымен қатар көшуді ойлаған тұрғындардың жартысы ауа сапасы айтарлықтай жақсарса, Алматыда қалуға дайын.
Көшу мүмкіндігін 25–34 жас аралығындағы тұрғындардың 40 пайызы және магистрлік немесе ғылыми дәрежесі бар респонденттердің 41 пайызы қарастырған. Орта білімі бар адамдар арасында бұл көрсеткіш 20 пайызды құрады. Бір немесе екі баласы бар ата-аналардың 28–30 пайызы көшуді ойласа, баласы жоқ тұрғындар арасында олардың үлесі 23 пайыз болған.
Респонденттердің 62 пайызы ауа сапасын қайдан тексеруге болатынын және ластанудың негізгі көздерін білмейді. Жартысынан астамы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ауаны жақсартуға бағытталған бастамаларынан хабарсыз.
Тұрғындар ауаның ластануына әсер ететін негізгі факторлар ретінде көлік құралдарын, жылу электр орталықтарын, ретсіз құрылысты, ағаштардың кесілуін, қоқыс жағуды және өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын атаған.
Ауа сапасын жақсартудың ең тиімді шаралары ретінде қоғамдық көлікті дамыту, жылу электр орталықтарын толықтай газға көшіру және ескі әрі ауаны қатты ластайтын автокөліктердің қозғалысын шектеу ұсынылған.
Қала орталығына ақылы кіру бастамасын респонденттердің 28 пайызы ғана қолдаған. Тұрғындардың 53 пайызы жақын арада ауа сапасы айтарлықтай жақсарады деп күтпейді. Оң өзгерістер болады деп сауалнамаға қатысқандардың төрттен бірі ғана үміттенеді.
Зерттеу тұрғындардың мәселені түсінгенімен, нақты әрекетке сирек баратынын көрсетті. Респонденттердің жартысы экологиялық акцияларға қатысуға және экологиялық көлік үшін көбірек төлеуге дайын екенін айтқан. Алайда іс жүзінде мұндай акцияларға тек 5 пайызы қатысқан, ал экологиялық бастамаларға қаржы аударғандардың үлесі 3 пайызды құраған.
Алматылықтар лас ауадан қорғанудың ең тиімді тәсілі ретінде демалыс күндері қала сыртына шығуды атаған. Одан кейін дәрумендер қабылдау мен ауа тазартқыш құрылғыларды пайдалану көрсетілген. Ал сүзгілер мен қорғаныш маскалары тізімнің соңында қалған.
Қазіргі уақытта ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жұмыстары жүргізіліп, нысандардың дайындығы 90 пайызға жеткен. Дегенмен жеке секторды жылыту мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Сарапшылардың пікірінше, жағдайды жақсарту үшін Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің бірлескен кешенді бағдарламасы және Экология министрлігінің қолдауы қажет.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз