Петропавлда анасын пышақтап өлтірген әйел 9 жылға сотталды
Петропавлда анасының өліміне себеп болған 34 жастағы әйелге қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қайғылы оқиға өткен жылдың қазан айында Заречный кентінде болған. Тергеу мәліметінше, анасы қызының үйінде уақытша тұрған. Екеуінің арасында ақшаға байланысты жанжал туындап, соның барысында қызы анасының кеуде тұсына пышақ жарақатын салған.
Жарақат алған әйел үйден шығып кеткенімен, жолда жағдайы нашарлап, автобус аялдамасының маңында көз жұмған.
Сот барысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындады. Алайда оның кінәсі куәгерлердің айғақтары мен сараптама қорытындылары арқылы толық дәлелденді.
Сот әйелдің жасаған ісіне өкінетінін және оның кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерді. Нәтижесінде ол «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша орташа қауіпсіздік мекемесінде 9 жыл жазасын өтеуге сотталды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз