Колледж жатақханасында студент қыздарға қысым көрсетілді
Түркістан облысындағы көпсалалы индустриалды-техникалық колледж жатақханасында студент қыздарды жігіттердің бөлмесін тазалауға мәжбүрлегені туралы бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Бұл туралы ZontNews.kz хабарлады.
Видео авторларының айтуынша, жатақхана қызметкерлері қыздарды ер балалар тұратын бөлмелерді жинауға, еден жуып, дәретханаларды тазалауға міндеттеген. Студенттер бұл талаптан бас тартқан жағдайда жатақханадан шығару немесе жуынатын орынды пайдалануға шектеу қоюмен қорқытылғанын мәлімдеген. Бейнежазбада қыздардың жатақхана қызметкерлерімен сөзге келіп, өз құқықтарын қорғауға тырысқаны байқалады.
Жағдайға қатысты түсініктеме берген Түркістан облысының білім басқармасы бұл оқиғаны «түсінбеушілік» деп бағалады. Ведомствоның мәліметінше, колледжде 1072 студент білім алады, олардың 80-і жатақханада тұрады.
«2026 жылғы 23–25 ақпан аралығында өтетін облыстық спартакиадаға байланысты қатысушыларды уақытша орналастыру қажеттілігі туындады. Осыған орай тәрбиеші мен вахта қызметкерлері бос бөлмелерді ретке келтіруге студенттерден ауызша түрде көмек сұраған. Ер балалар уақытша болмағандықтан, өтініш қыздарға айтылған. Соның салдарынан кейбір студенттер арасында түсінбеушілік орын алды», – делінген ресми жауапта.
Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, тәртіптік шара қолданылған.
«Нәтижесінде жауапты қызметкерлерге сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Қазіргі уақытта студенттермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз