Көкшетауда автобус жүргізушілері наразылыққа шықты
Көкшетауда қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлар жалақыны көтеруді талап етіп, жұмысқа шығудан уақытша бас тартты. Соның салдарынан 16 шілде күні таңертең қала тұрғындары біршама уақыт автобуссыз қалды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қызметкерлердің айтуынша, жалақы бір аптаға кешіктірілген. Сондай-ақ олар таңғы 06:00-ден кешкі 20:00–21:00-ге дейін жұмыс істесе де, қолға шамамен 280 мың теңге ғана алатынын айтып, еңбекақыны арттыруды талап етті.
Жүргізушілер автобустар жиі бұзылатынын, ал жөндеу жұмыстарын жүргізетін мамандар жетіспейтінін де алға тартты. Олардың сөзінше, автопарк қаражаты негізінен қосалқы бөлшектер мен дизель отынын сатып алуға жұмсалады.
Автопарк басшылығы мәселені білетінін мәлімдеді. Олардың айтуынша, Көкшетауды ірі қалалармен салыстыру дұрыс емес, ал жалақыны көтеру мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ кәсіпорын айлықты бұрын тұрақты түрде төлеп келгенін атап өтті.
Басшылықпен келіссөзден кейін жүргізушілер мен кондукторлар шамамен 40 минуттан соң қайтадан жұмысқа кірісті. Жалақы мәселесінің қашан шешілетіні әзірге белгісіз.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз